E-Archive of Compulsory Free Copies of Periodicals

You are here

Мемлекеттік радиожиілік қызметтің кейбір мәселелері туралы

«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 133-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) құрылсын.

2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленсін.

3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні байланыс саласындағы мемлекеттік монополияға жататын саласында қызметтерді жүзеге асыру болып айқындалсын.

4. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорын жарғысын бекітуге беруді;

2) әділет органдарында кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуін;

3) осы қаулыдан туындайтын өзге де іс-шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

5. «Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің «Телекоммуникация саласындағы техникалық сүйемелдеу және талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы

17 сәуірдегі № 362 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 21, 195-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні ақпараттық қауіпсіздік мен ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік монополияға жататын салаларында қызметтерді жүзеге асыру болып белгіленсін.».

6. «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 16 маусымдағы № 353 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 36, 209-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі туралы ережеде:

17-тармақ мынадай редакциядағы 55-1) тармақшамен толықтырылсын:

«55-1) мемлекеттік радиожиілік қызметтің қызметін үйлестіру;»;

Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесiнде:

«Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар» деген бөлімде:

мынадай редакциядағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

«1-1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;».

7. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

E-Archive of Compulsory Free Copies of Periodicals

Mobile version RSS Site map