Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

IMEI-кодтарын тіркеу туралы пресс-брифинг

1 қаңтардан бастап тіркелмеген ұялы байланыс қызметтеріне тыйым салынады.

Мемлекет тұрғындарының ұялы телефондары 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істейтін болады. Аталған ақпаратты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының м.а. Виталий Ярошенко Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында жариялаған болатын.

«1 қаңтардан бастап абоненттік құрылғыларды жаппай өшіріп тастау орын алмайды. Жаңа енгізілген заңнама абоненттік құрылғыларды жаппай өшіруді көздемейді. Бұл күні Ұялы байланыс операторының желісінде құрылғылар оқшауланған жүйеде автоматты түрде тіркеледі және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорына жіберіледі. Егер осы уақытқа дейін пайдаланушының өзі туралы деректерді анықтауға және енгізуге мүмкіндігі болмаса, құрылғы автоматты түрде абоненттік нөмірге тіркеледі», – дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының м.а. Виталий Ярошенко.

Спикердің айтуы бойынша, байланыс жұмыс істейтін болады. Алайда мәселелер орын алуы мүмкін. «Жаңа жылдан кейін егер сіз бірдеңені өзгерткіңіз келсе, сіз белгілі бір жағдайларға шалдығуыңыз мүмкін. Бұл көпшіліктің абоненттік нөмірін сатып алғаннан кейін өз атына тіркемегендігімен байланысты. Мәселен, 1998 немесе 2000 жылдары іс жүзінде мұндай процедура мүлдем болмады, сәйкесінше, абоненттік нөмір тұлғаның өзіне емес, нөмірді сатқан ұйымның дилеріне тіркелген. Сол кезден бері бүгінгі күнге дейін абоненттік нөмірлерін қолданып жүргендер бар және барлығы да жұмыс жасауда. 1 қаңтардан бастап нөмірді құрылғыға тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Іс жүзінде құрылғы нөмір кімге тіркелсе, сол тұлғаға тиесілі болып есептеледі», - деп түсіндірді комитет төрағасы.    

Сонымен қатар, ол ұялы байланыс операторлары абоненттік нөмір мен құрылғының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белсенді түрде деректерді өзекті қылатынын мәлімдеді.

«Операторлар болашақта құрылғыны тіркеуде және қызмет алуда мәселелер тудырмау үшін абоненттердің ЖСН-дерін жинап, деректерді сәйкестендіруде. Құрылғының жұмыс істемеу қаупі тек келесі жағдайда орын алуы мүмкін: егерде сіз бірінен кейін құрылғыға жаңа нөмір енгізсеңіз және бұрын енгізілген деректер сәйкес болмаған жағдайда. Ал егер бұрынғы нөміріңізді қайта қосатын болсаңыз, құрылғы жұмыс жасауын жалғастырады», - деп Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі өз сөзін қорытындылады.

Өз кезегінде, Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидалары Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 мамырдағы № 226 бұйрығымен бекітілді.  Тіркеу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

Айта кетсек, 2017 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Қазақстан Республикасы «Байланыс туралы» Заңына ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.


 

Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы