Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

Жаңалықтар

05.09.2018 г.
В 2021 году Казахстан полностью перейдет на цифровое телерадиовещание

Елімізде 2021 жылға қарай толығымен цифрлық хабар таратылады

Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі цифрландыру бағдарламасының қалай іске асырылып жатқанын баяндады.

Ведомства басшысы тұрғындардың сандық хабар таратудан алатын артықшылықтары туралы әңгімелеп берді.

«Цифрлық хабар тарату қалың көрерменге әсіресе аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкеледі? Біріншіден: Бұл эфирдің және дыбыстың жоғары сапасын, Екіншіден: Телеарналар пакетінің ұлғайуын қамтамасыз етеді.   Мемлекетіміз осы жұмысты қолға алған уақытта бүкіл елдің аумағын цифрлық деңгейге көшіру жоспарының жүзеге асатынына сенімсіздікпен қараған адамдар да болды. Өйткені Қазақстанның жер көлемі өте ауқымды екені белгілі. Халық та тығыз орналаспаған. Шекарадағы ауылдар мен алыс елді мекендерде тұратын халықтың 100%-ын цифрлық хабар таратуға ауыстыру алынбайтын қамал сияқты көрінгені рас.

Алайда Елбасының тікелей тапсырмасы мен саяси ерік-жігерінің нәтежиесінде қаржылық мәселелер де шешіліп, телекоммуникация саласындағы инфрақұрылымды дамытуға даңғыл жол ашылды», - деді министр.  

Мысалы үшін: көрші Қырғызстан цифрлық хабар таратуға толық ауысты. Оларға 100-ден аса Радио Телевизиялық Станция жеткілікті болды. Ал біздің мемлекетті толық қамтамасыз ету үшін 827 станция қажет. Біз ол жұмысты аз уақытта аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Цифрлық хабар тарату техникалық мәселені шешумен ғана шектелмейді. Бұл ең алдымен үлкен идеологиялық шешім деуге толық негіз бар.

«Өздеріңіздің де естеріңізде болар. Біз осы ауқымды жұмысты бастаған уақытта шекаралас аумақта орналасқан ауылдарда отандық бір-екі телеарна ғана көрсететін. Біз  осы стандартқа толық ауыссақ қазақстандықтар облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада тамашалай алады. Яғни отандық арналар арқылы халық өздеріне қажетті ақпарат пен бағдарламаларға  қол жеткізеді. Отандық пакетте жаңалық пен балаларға арналған, мәдениет пен кино, спорт сияқты түрлі арналар болады. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты нығайтуға да өз ықпалын тигізеді», - деді Дәурен Абаев.

Тағы бір артықшылық: Цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Осылайша босаған жиіліктерді біз байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ол үшін байланыс операторларымен жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы министрлік «Телерадио хабарларын тарату» Заңына өзгерістер енгізді. Осылайша олардың инфрақұрылымдарының дайындығына сай аймақтарды кезең-кезеңімен көшіруге жол ашты.     

Маңғыстау, Жамбыл мен Түркістан облыстары және Шымкент қаласында 2018 жылдың аяғына дейін.  

2019 жылы Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында.

Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстарын 2020 жылға дейін.

Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары 2021 жылы кезең-кезеңімен жаңа форматқа ауысады.   

Барлық облыстардың әкімдіктеріне бұл ақпарат жетті. Қазір аймақтар тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еліміз бойынша радиотелевизиялық станциялардың жалпы саны 827-ні құрайды. Бүгінгі күні 356-сы дайын.  Жылдың аяғына дейін тағы 200-ге жуығын аяқтау жоспарланып отыр. Қалған станциялардың құрылысы 2019-2020 жылдардың ішінде толық аяқталады. 

Биылғы жылдың соңына дейін цифрлық хабар таратуға көшуі жоспарланған аймақтар бойынша Маңғыстау, Жамбыл облысында және Түркістан облысы мен Шымкент қалаларында тиісті станциялар салынып, халықтың 99%-і толық қамтылды. Аталған аймақтарда халықты қажетті қабылдағышпен  қамтамасыз ету және ақпараттық хабарландыру бойынша  жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдері нақтырақ баяндайды.   

«Бұрын ешкім сенбеген цифрлық хабар таратуға қол жеткізу бойынша осындай ауқымды шаруалар қолға алынған.

Осылайша 2021 жылы осы жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни Шығыс Қазақстан облысындағы Владимировкадан Маңғыстаудағы Қаражанбас ауылына дейін, Солтүстіктегі Сунное селосынан, Түркістан облысындағы Мырзакентке дейін кең байтақ аумақ  цифрлық хабар таратумен толық қамтамасыз етіледі», - деп тұжырды сөзін министр.


 

Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы