Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі
жауапты хатшысының
2016 жылғы «__» _________
№ ____ бұйрығымен
БЕКІТІЛДІ
 
 
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау департаменті туралы
ЕРЕЖЕ
 
1. Жалпы ережелер
 
1. Стратегиялық жоспарлау департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Републикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
2. Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Департаменттің штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі.
4. Департамент:
1) Стратегиялық жоспарлау басқармасынан (бұдан әрі – СЖБ);
2) Халықаралық ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық комиссиямен жұмыс басқармасынан (бұдан әрі – ХЫЕЭКЖБ) тұрады;
 
2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
 
5. СЖБ:
5.2. Міндеті: Министрліктің қызметін стратегиялық жоспарлау бойынша, сондай-ақ талдау және жинақтау жұмыстарды ұйымдастыру.
Функциялары (мәселелерді 2 Вице-министрлердің блоктарынан жинақтау қажет болған жағдайда):
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және басқа да жоспарлау құжаттар бойынша есептілікті әзірлеу, мониторинг жүргізу және дайындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру (Министрліктің құзыреті шеңберінде), соның ішінде:
- Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары;
- мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар;
- тұжырымдамалар;
- аумақтарды дамыту бағдарламалары;
- Министрліктің стратегиялық жоспары;
- Министрліктің меморандумы;
- Министрліктің операциялық жоспары, Министрліктің бір жылға арналған жұмыс жоспары, құрылымдық бөлімшелердің жұмыс жоспарлары және басқа да іс-шаралар жоспарлары, жол карталары және т.б.;
2) ведомстволық бағынысты ұйымдардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының Министрліктің стратегиялық жоспар қызметінің мақсаттарына, міндеттеріне және түйінді көрсеткіштеріне сәйкес келуін қарастыру және ұсыныстар енгізу;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тапсырмалары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, заңды және жеке тұлғалардың сұраныстары бойынша хат-алмасуларды дайындау және жүргізу бойынша жиынтық жұмыстарды ұйымдастыру;
4) Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмыстарын ұйымдастыру және олардың өз өкілеттіктерін орындау кезінде Министрлікпен өзара әрекеттесу;
5) Үкімет отырысына, Министрліктің алқасына және Үкіметте немесе Президент Әкімшілігінде Министрліктің сұрақтары бойынша өтетін кеңеске материалдарды дайындауды ұйымдастыру;
6) Министрліктің басшылығына Министрліктің жетекшілік ететін салалардың ағымдағы жағдайы мен дамуы бойынша талдамалық анықтамаларды дайындау;
7) Министрдің аппараттық кеңесінің қорытындысы бойынша хаттамалар дайындау;
8)   жетекшілік ететін салалардағы Стратегиялық жоспарлаудың сапасын және тиімділігін одан әрі көтеру мәселелері бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізу;
9) Департаменттің құзыретіне кіретін Министрліктің сұрақтары бойынша МОИП-қа ақпаратты уақтылы дайындау және орналастыру;
10) Департаменттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарастыруға және дайындауға қатысу;
11) Департаменттің құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарымен өзара әрекеттесу;
12) Департаменттің құзыреті шегінде кіріс және шығыс ақпаратқа уақтылы материалдар мен қорытындылар дайындау;
13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларына сәйкес өз құзіреті шегінде жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыру.
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  Департаментке Министрмен немесе Жауапты хатшымен жүктелген өзге де функциялар.
6. ХЫЕЭКЖБ:
6.1. Міндеті: Министрліктің халықаралық ынтымақтастық қызметтері бойынша, осы бағыттың талдау және жинақтау жұмыстарын ұйымдастыру.
  1. Министрліктің құзыреті шеңберінде халықаралық шарттарға қол қоюға дайындау барысына, сондай-ақ Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің олардың күшіне енуі бойынша мемлекетішілік рәсімдерді орындау барысына мониторингті жүзеге асыру;
  2. Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып, халықаралық шарттарды жасасудың ағымдағы және перспективалық жоспарға ұсыныстарды дайындау және Сыртқы істер министрлігіне жолдау;
  3. Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің халықаралық шарттар ережелерін орындау барысына мониторингті жүзеге асыру;
  4. халықаралық шарттар және келісімдер міндеттемелерінің орындалуы туралы Сыртқы істер министрлігіне жыл сайынғы есепті дайындау;
  5. Министрліктің құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының немесе Министрліктің халықаралық ұйымдарға, Комитеттерге және басқа құрылымдарға кіруіне орай рәсімдерге қатысу және Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің орындау барысына мониторингті жүзеге асыру;
  6. халықаралық ұйымдар шеңберінде Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің міндеттемелерін орындау барысына мониторингті жүзеге асыру;
  7. интеграциялық бірлестік шеңберінде Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша міндеттемелерді орындау және құрылымдық бөлімшелердің қазақстандық ұстанымның қалыптасуына мониторингті жүзеге асыру (Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және т.б.);
  8. үкіметаралық комиссиялар, жұмыс топтары шеңберінде Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша міндеттемелерді орындау және құрылымдық бөлімшелердің қазақстандық ұстанымның қалыптасуына мониторингті жүзеге асыру.
  9. құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстары негізінде Министрліктің шетелдік іссапарларға және өкілдік шығыстарға арналған бюджетін әзірлеу, Министрлік қызметкерлерінің шетелдік іссапарларының мақсаттылығын ескере отырып, оларға келісу және осы қаражаттардың жұмсалу есебін жүргізу;
  10.  Министрдің шетел азаматтарымен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыруды және хаттамалық бөлігін қамтамасыз ету (рұқсаттама, хаттама, анықтамалық материалдармен қамтамасыз ету және т.б.);
  11. Министрліктің халықаралық ынтымақтастық бойынша талдаулық, жиынтық жұмыстарын орындау, талдаулық және жиынтық есептерді, анықтамаларды және т.б. дайындау, сондай-ақ Министрліктің халықаралық ыңтымақтастығын жетілдіру бойынша басшылыққа ұсыныстар енгізу;
  12. Департаменттің құзыретіне кіретін Министрліктің мәселелері бойынша МОИП-қа ақпаратты уақтылы дайындау және енгізу.
  13. Департаменттің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарастыруға және дайындауға қатысу;
  14. Департаменттің құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарымен өзара әрекеттесу;
  15. Департаменттің құзыреті шегінде кіріс және шығыс ақпаратқа уақтылы материалдар мен қорытындылар дайындау;
  16. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  Департаментке Министрмен немесе Жауапты хатшымен жүктелген өзге де функциялар.
7. Департаменттің құқықтары мен міндеттері:
Департамент:
  1. Департамент міндеттерінің шеңберіне кіретін мәселелер жөнінде Министрлік басшылығының қарауына ұсыныстар енгізуге;
  2. Департаменттің құзыретіне қатысты мәселелерді Министрлік басшылығымен талқылауға қатысуға;
  3. басшылықтың тапсырмасы бойынша Департаменттің  құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрліктің атынан Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында, қоғамдық және өзге де кәсіпорындар мен ұйымдарда өкілдік етуге;
  4. Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарынан қажетті құжаттарды, есептерді, анықтамалар мен басқа да материалдарды сұрауға және алуға;
  5. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер ұйымдастыруға және өткізуге;
  6. өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес Департамент өткізетін іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының келісімімен олардың қызметкерлерін тартуға;
  7. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Департаментке жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға құқылы.
8. Департаменттің міндеттері:
1) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктер беру;
2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жүргізуде консультативтік-кеңестік органдарда немесе басқа да қажетті көмек көрсету қажет болғанда, Департамент қызметкер(лер)ін бөлу;
3) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдар ресми сұрау салса, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды беру;
4) мемлекеттік меншіктің бүтіндігін қамтамасыз ету;
  1.  Департамент қызметкерлерінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің әдеп нормасын сақтауын қамтамасыз ету;
6) белгілі болған жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы Министрлік басшылығына немесе құқық қорғау органдарын ақпараттандыру;
7) Департамент қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін орындау кезінде гендерлік дискриминацияға жол бермеу;
8) Департаменттің құзыреті шегінде бюджетті қалыптастыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу және нормативтік құқықтық актілерді мониторингілеу бойынша іс-шараларды уақтылы ұйымдастыру;
9) Департаменттің құзыреті шегінде мемлекеттік сатып алу жоспарының тармақтарын уақтылы және сапалы орындауға және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мерзімде мемлекеттік сатып алу порталында дауыс беруге жауапты тұлғаларды бекіту;
10) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сотқа талап-арыздарды беру қажеттілігі туралы Заң департаментіне уақтылы ұсынуды және оны хабардар етуді үйлестіру;
11) Департаменттің құзыретіне шеңберінде жетекшілік ететін салаларында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру;
12) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа карсы саясатының тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге қатысу.
13) Министрлік басшылығының, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың бақылау тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау.
 
3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру
 
9. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.
10. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Директор басқарады.
11. Департамент директорының Қазақтан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен жағдайда орынбасары болады.
12. Директор Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.
13. Белгіленген мерзімде міндетті орындалуға жататын кіріс және шығыс хат-хабарлар Министрдің және Жауапты хатшының нұсқауымен жіберіледі.
14. Директор Жауапты хатшыға Департаменттің штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.
15. Департамент директоры өз құзыреті шегінде Жауапты хатшыға бағынады.
16. Директор:
1) Департаменттің құрамына кіретін қызметкерлердің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің, өзге де нормативтік құқықтық актілеріге сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17. Департамент директорының орынбасары:
1) өз өкілеттігі шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;
2) Департаменттің директоры болмаған кезеңде Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
3) Департаменттің директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
18. Департаменттің құзырына кіретін мәселелер бойынша басқа құрылымдық бөлімшелерге Департаменттің атынан жолданатын құжаттарға Департаменттің директоры, ал ол болмаған жағдайда Департамент Директорының орынбасары қол қояды.
19. Департаментке осы Ережеге сәйкес өзінің қызметіне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.
20. Департамент қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті және Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауына дербес жауапкершілік алады.
21. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген тәртіпте бекітілген олардың лауазымдық нұсқаулықтарымен анықталады.
 
                                     _______________________

 

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы