Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Қазақстан Республикасы

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

Жауапты хатшысының

2016 жылғы «____» ________ №

 бұйрығымен бекітілген

 

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің

Заң департаменті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық  актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымы, штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі.

4. Департамент:

1) Нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізу басқармасынан;

2) Талап-арыз жұмысы басқармасынан құралады.

Департамент бір директордан, бір директор орынбасарынан, екі басқарма басшысынан, үш бас сарапшылардан, екі сарапшыдан тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. Міндеті: Министрлік қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) Министрліктің басшылығына қол қоюға ұсынылатын, Министрлік және өзге де мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру;

2) шарттар, халықаралық келісімдер жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру, оларды дайындау жөніндегі жұмыстарға қатысу;

3) Министрліктің талап-арыз жұмысын ұйымдастыру және жүргізу;

4) құрылымдық бөлімшелердің сұрау салуы және Министрлік басшылығының тапсырмалары бойынша заңнамалық қорытындылар дайындау, Қазақстан Республикасының байланыс, ақпараттандыру және ақпарат салаларындағы заңнаманы түсіндіру;

5) сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтар белгілері байқалатын, дайындалған материалдардың, оларды құқық қорғау, сот органдарына беру үшін заңды түрде ресімделуін жүзеге асыру;

6) ақпарат және коммуникациялар бойынша ұйымдарының қызметіне қатысы бар қолданыстағы заңнама туралы ақпараттық материалдарды дайындау;

7) сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда Министрлік қызметінің құқықтық мәселелерін қарау кезінде белгіленген тәртіппен Министрліктің мүдделерін білдіру;

8) заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, Министрліктің  құзыретіне жататын құқықтық мәселелер бойынша Министрліктің атынан түсініктеме дайындау;

9) Министрлікпен және басқа да мемлекеттік органдармен әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің, оның ішінде құпия құжаттардың жобаларына құқықтық сараптама жүргізу.

6. Міндеті: Министрліктің заңнаманы қолдану тәжірибесін қорытындылау.

Функциялары:

1) Министрліктің норма шығармаушы қызметін талдау және талдаудың нәтижесінде Министрліктің Жауапты хатшысына оны жетілдіру және анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныстар енгізу;

2) шағымдардың, талап-арыздардың, талап-арыз сипатындағы басқа да құжаттардың қаралуы нәтижелерін талдау және қорытындылау, Министрліктің басшылығына жұмысты жақсарту, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар беру;

3) Министрлікте Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мониторинг жүргізілуін тұрақты түрде үйлестіру.

7. Міндеті: Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсiндiру, Министрлікте жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру.

Функциялары:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау бойынша жыл сайынғы іс-шараларды әзірлеу және іске асыру, Министрлікте жаппай құқықтық оқытуды ұйымдастыру;

2) Министрліктің, оның ведомстволары мен аумақтық құрылымдық бөлімшелерінің  қызметкерлеріне құқықтық мәселелер бойынша консультациялар беру.

8. Міндеті: Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің және заңдық сипаттағы басқа да құжаттардың жобаларын әзiрлеуге қатысу.

Функциялары:

1) белгіленген жылға Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының  жоспарына тиісті заң жобаларын енгізу бойынша ұсыныстарды дайындау және іс-шараларды жүзеге асыру;

2) ведомствоаралық комиссия отырыстарына қатысу үшін материалдарды дайындау, заңжобалау қызметінің ведомствоаралық комиссиялар шешімдерінің орындауын ұйымдастыру;

3) жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің қызметін ұйымдастыру;

4) әзірлеушісі Министрлік болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысу;

5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін халықаралық стандарттарға сәйкес үйлестіру бойынша ұсыныстар енгізу;

6) Министрлік әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, оның ішінде Министрліктің басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен әзірлеуге қатысу;

7) байланыс, ақпараттандыру және ақпарат салаларының бағдарламалары мен тұжырымдамаларын әзірлеуге қатысу;

8) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қатысу.

9) Министрліктің тапсырмасы бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу.

9.Құқықтары мен міндеттері:

9.1.Департамент:

 1) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті қосымша ақпаратқа тиісті мемлекеттік органдарға сауалмен жүгінуге;

2) Министрліктің Жауапты хатшысының келісімімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын және құқық мәселелері жөніндегі Министрліктің құжаттарын әзірлеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөніндегі іс-шараларды және Министрліктегі құқықтық жалпы оқытуды іске асыру үшін басқа құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерін тартуға;

3) Министрліктегі және оның ведомстволарындағы құқықтық жұмыстың жағдайын және заңдылықтың сақталуын тексеруге; көрсетілген ұйымдардағы құқықтық жұмыстың жағдайын және заңдылықтың сақталуын тексеру Министрліктің Жауапты хатшысының шешімі (тапсырмасы) бойынша Департамент жүзеге асырады; тексеру нәтижесі бойынша – тиісті қорытындылармен, ұсынымдармен, ұсыныстармен анықтама құруға және оларды Министрлік басшылығына ұсынуға;

4) басшылықтың тапсырмасы бойынша Министрліктің құзыретіне кіретін құқықтық мәселелерді қарау кезінде мемлекеттік органдарда Министрліктің мүддесін білдіреді, мемлекеттік органдар, халықаралық және өзге де ұйымдар өткізетін кеңестердің, отырыстардың, семинарлардың, конференциялардың жұмысына қатысуға;

5) құрылымдық бөлімшелерден Департаментке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, анықтамаларды, есептерді және басқа материалдарды, ақпараттарды сұратуға және алуға;

6) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген жағдайда нормативтік құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларына виза қоюдан бас тартуға;

7) шығарылатын нормативтік құқықтық актілер бойынша қолданыстағы заңнамаға негізделген ескертулер мен ұсынымдар беруге;

8) байланыс, ақпараттандыру және ақпарат салаларындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, өзгерту, толықтыру, күшін жою туралы ұсыныстарды басқа құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп дайындауға;

9) басшылықтың келісімімен Министрліктің, оның ведомстволарының қызметшілеріне құқықтық оқытуды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, семинар, кеңес жүргізуге;

10) құзыретіне және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

9.2. Департаменттің міндетіне мыналар кіреді:

1) Министрліктің қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

10. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

11. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Директор басқарады. 

12. Департамент директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

13. Департамент Директорының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бір орынбасары бар.

14. Департамент директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

15. Директор осы мақсатта:

1) Департаменттің құрамына кіретін өзінің орынбасарының және Басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президенті актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

16. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.

17. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне заңдық сараптама жүргізу үшін келісуге жіберген кезде заң жобалары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Үкімет қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің жобалары Департамент директоры (не оның міндетін атқарушы тұлғаның) мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып қол қойылады.

18. Басқа құрылымдық бөлімшелер әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобалары Департаменттің алдын ала келісуінсіз мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберілмейді.

19. Министрліктің атынан құрылымдық бөлімшелер дайындаған құқықтық мәселелер бойынша жіберілген түсіндірмелер Департаментпен міндетті келісуге жатады.

20. Осы Ережеге сәйкес Департаментке оның қызметіне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.

21. Департамент директоры, Департамент директорының орынбасары және Басқарма басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

22. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген тәртіппен бекітілген лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.

________________________

 

 

Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы