Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

You are here

«Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ

«Қазақстан» – мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын Ұлттық телерадиокорпорация. Мекеме Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасын, «Балапан», «Kazsport» телеарналарын, Қазақ радиосын, «Шалқар» Ұлттық арнасын, «Астана», «Classic» радиоларын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады.

Тұрғындарды қамту жағынан ол, сөзсіз, алдыңғы орында. Ел тұрғындарының 98,63 пайызы хабарларымызды көріп, тамашалай алса, Қазақ радиосын тұрғындардың - 88,74, «Шалқар» радиосын - 61,31 пайызы тыңдай алады. Сондықтан да, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен аймақтық телерадиокомпанияларының толқындары анық таралатын аймақтарға кіретін Қазақстандағы ауыл тұрғындарының, кем дегенде, жартысы үшін теледидар ақпараттық және мәдени қажеттілікті, білім алуды, демалысты ұйымдастырудың басты құралы. Сонымен қатар, 14 облыста «Қазақстан» телеарнасының аймақтық филиалдары бар.

Корпорацияның хабар тарату саясаты ақпараттық, ағартушылық, ойын-сауықтық бағыттағы ақпарат берумен, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын, гуманизм идеяларын және Қазақстан халықтары арасындағы достықтың даңқын арттыру мен насихаттаумен сипатталады. Біз азаматтардың ел жетістіктерін мақтан тұтуларына, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға ықпал етеміз. Біз түрлі бағыттағы ақпараттар тасқынында жас мемлекетіміздің әрбір тұрғынына дұрыс бағдар беруді, ертеңгі күнге деген сенімділігін орнықтыруды, өзінің азаматтық ұстанымын таңдауға көмектесуді міндет санаймыз.

Бізде заманға сай ойлайтын ұжым, дарынды шығармашылық қызметкерлер жұмыс істейді. Корпорация жаңа инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұның бәрі қарқынды дамып келе жатқан қоғамның ерекшеліктерін және көрермендер мен тыңдармандардың ақпараттық-ағартушылық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы эфирлік өнім өндіруімізге кепілдік береді.

«Кеңестік дәуірде корпорацияда дағдарыс пен тоқырау болған жоқ», деп айту - артық та болуы мүмкін. Бірақ, 2001 жылы жаңа менеджерлер командасының келуімен жағдай айтарлықтай жақсара бастады. Жаңа хабарлар циклі, қызықты ток-шоулар пайда болып, көрермендер мен тыңдармандардың саны артты. Телерадиокорпорацияның қазіргі заманға сай бет-бейнесі қалыптасып, қарқынды түрде дами бастады. «Қазақстанның» басты идеялық құрамы – патриотизмі, Қазақстанның тарихи және рухани мұрасына қатыстылығы сақталған.

Демек, корпорацияның табыстары, бәрінен бұрын, біздің ұжымымыздың қызметімен байланысты. Біз корпорацияның әрбір қызметкері өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асырғанын қалаймыз. «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясының ұжымын республикамызда және әлемде болып жатқан барлық процестерді анық бағамдай алатын «шағын қоғам» деуге болады және ол елімізге, онда тұратын адамдарға, отандастырымыздың пайдасына жарауға ұмтылып келеді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.

2013 жылдың 17-маусымында «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығының (Association for International Broadcasting - AIB) мүшесі атанды. Аталған ұйымға мүшелік ету корпорацияға бірқатар айрықша мүмкіндіктер беріп отыр. Оның ішінде халықаралық тәжірибе негізінде медиа-активтерді басқаруды жетілдіру міндеттері іске асырылады.

Штаб-пәтері Ұлыбритания астанасы - Лондонда орналасқан Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығы 1993 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның қатарында BBC World, Al Jazeera, Bloomberg, Eurosport, France 24, Russia Today, Deutsche Welle сынды 50-ден аса ірі халықаралық және ұлттық телерадиотаратушылар бар (толығырақ www.kaztrk.kz).

 

Мерзімді баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарының электрондық архиві

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы